20-сабақ (уровень A2). ҚАРСЫ/САЛЫСТЫРМАЛЫ МАҒЫНАЛЫ

2723 просмотров Добавлено 10 июля

1.    Тіл ширату.

 

Грамматика:  Қарсы/салыстырмалы мағыналы сөйлем

 

Лексикалық тақырып: Қазақ халқының салт-дәстүрі

 

Оқыңыз, қызық!  Қазақ халқы

 

ҚАРСЫ МАҒЫНАНЫ БЕРУ ФОРМАЛАРЫ

 

Сұрақтары: қалай? қайтіп? қалайша? қанша рет? қаншадан?

 

1.  

Бірақ, дегенмен, сонда да, солай болса да, солай болғанымен, ал

 

ü Қазақ халқы жауынгер халық, бірақ бейбітшілікті сүйеді.

ü Қазақ халқы жауынгер халық, сонда да бейбітшілікті сүйеді.

ü Қазақ халқы жауынгер халық, солай болса да бейбітшілікті сүйеді.

ü Қазақ халқы жауынгер халық, солай болғанымен бейбітшілікті сүйеді.

 

 

2.  

Етістік    + -ған/-ген/-қан/-кен + мен

                    -са/-се да/де

 

Қазақ халқы баланы жақсы көргенімен, оның тәрбиесіне қатал болады. Мен балаларымды еркелетсем де, қажет болғанда қаталмын.

3.  

Етістік + -а/-е/-й тұра

 

Аялдамаға жүгіріп келгенімді көре тұра, автобус жүргізушісі жүгіріп кетті. Бастық барлық мәліметті біле тұра, үндемей отырды.

4.  

...О 3  қарамастан

 

Жаңбырдың жауғанына қарамастан, киініп кетіп қалды. Шешесінің сұрағанына қарамастан, өзінің айтқанын істетті.

 

 

1.          Сөйлемдерді оқыңыз. Мағынасына көңіл бөліңіз.

Тамақ дәмді болса да, ауырып отырғандықтан ештеңе жей алмады. Сабақта көп оқығаныңызбен, үйде тағы қайталамасаңыз, ұмытып қаласыз. Үлкен кісілер қалада тұрғанымен, ауылға жиі барып тұрады. Қаланың іші қатты ыстық болып тұр, ал тауға қарай барсаң, ауа салқындайды. Уақыттың аздығына қарамастан, сені көру үшін әдейі келдім. Сенің кететініңді біле тұра, қош айтпадым.

 

САЛЫСТЫРМАЛЫ МАҒЫНАНЫ ҚАЛАЙ БЕРЕМІЗ?

Қалай – солай

Қандай – сондай

Қанша – сонша

Кімдікі – сонікі

Кімді /Нені – соны

Кімнің – соның

 

Қалай .... етістік + -са/-се, солай ...

 

Мысалы:

Қалай еңбек етсең, солай табыс табасың. Сен қалай жүрсең, көлеңкең де солай жүреді. Мына бала қандай талантты болса, ана бала да сондай талантты екен! Қанша ақша берсең, сонша қайтарып беремін. Кімді айтсаң, сол келеді. Кімнің кітабын алсаң, соның кітабын көрсетші. Мына жазу кімдікі болса, дәптер сонікі.

 

2.          Сөйлемдерді мағынасына қарай аяқтаңыз.

  • Сен әке-шешеңе қалай қарасаң,
  • Үй кімдікі болса,
  • Бұл сақина кімнің саусағына сыйса,
  • Топта қанша студент болса,
  • Өзің қандай тамақ алсаң,
  • соңғы сөз сонікі.
  • сонша кітапқа тапсырыс береміз.
  • кейін саған балаларың солай қарайтын болады. 
  • соның сақинасы.
  • маған да сондай ал. 
 

 

3.          Диалогты оқыңыз. Қарсы және салыстырмалы мағыналы сөйлемдерді табыңыз.

-     Сәлеметсіз бе, ата?

-     Амансың ба, айналайын? Қайдан келдің?

-     Сабақтан, ата.

-     Иә, бүгін не үйрендің?

-     Бүгін мұғалім қазақ халқы туралы айтты.

-     Иә, сонымен, қазақ халқы қандай халық екен?

-     Қазақ халқы қонақжай халық екен!

-     Оны қалай білеміз?

-     Өзі аш қалса да, соңғы тамағын қонағына ұсынады екен.

-     О-о-о, қызық! Бірақ шындық.

-     Және Қазақстанда өте көп ұлттар өмір сүреді. 130-дан аса ұлт тұрады.

-     Оның дұрыс балам. Адамның ұлтына емес, адамдығына қарау керек, балам. Адамның өзі қандай болса, отбасы, достары, өмірі де сондай болады.

-     Ол қалай, ата?

-     Өзің әке-шешеңді, еліңді, жеріңді құрметтемесең, байлығың көп болса да, сені ешкім сыйламайды. Өмірде жалғыз боласың. Ал егер ата-анаңды сыйлап, достарыңа адал болып, елің мен жерің үшін еңбек етсең, бақытта, қуанышта өмір сүресің.

-     Ұқтым, ата! Адам қаншалық қайырымды болса, соншалық жақсы өмір сүреді.

-     Иә,балам, түсіндің.

-     Ата, мен достарыммен біраз ойнап келейін.

-     Жақсы, бара ғой. Абайлап жүр.

 

4.  Диалогтың мазмұнын айтыңыз.

 

5.  Мәтінмен жұмыс.

 

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ КЕЙБІР САЛТ-ДӘСТҮРІ

 

1.  Жаңа сөздермен жұмыс.

Думаншыл

Жүздесу

Рәсім

Төр

Дәстүр

 

2.  Сөз тіркестерінің мағынасын түсініңіз.

 

Төс қағыстыру             Қазан асу

Арқа қағу                     Дастарқан жаю

Қабыл алу                    Аман-саулық

Қол алысу

 

3.  Төмендегі рәсімдердің мағынасын түсініңіз.

«Шілдехана, сүйінші, бесікке салу, бесікке бөлеу, қырқынан шығару, тұсау кесу, атқа мінгізу, тілашар, жол болсын айту».

 

4.  Мәтінді оқыңыз. Қазақ халқы амандасу рәсімін қазір сақтап қалған ба?

 

Қазақ халқының кейбір салт-дәстүрі

 

Амандасу салты – қазақ халқының ең үлкен дәстүрлерінің бірі. Үлкені мен кішісі бір-бірімен кездескенде, кішісі бірінші амандасады. Жасы үлкен ер адамдар арасында амандасу салты «Ассалаумағалайкум!» деген сөзден басталады. Бұның мағынасы жақсы тілекті білдіреді: «Сізге алланың нұры жаусын» деген сөз. Бұл сөзді жасы үлкен ер кісілермен әртүрлі жастағы ерлер амандасқанда жиі қолданады. Тілегін қабыл алып, қарсы адам: «Уағалайкүмассалам!» деп оң қолын ұсынады. Ол: «Алланың рақымы сізге де жаусын!» деген сөзді білдіреді.  

Осылай қол алысып, амандасып болғаннан кейін қонақтарды төрге отырғызып, бір-бірімен кезек-кезек отбасыларының, туған-туыстарының, бала-шағаның, мал-жанның халін сұрайды. Қонақжай қазақ халқы үйге келген қонақты төрге шығарып отырғызады. Қазан асып дастарқан жайып, қарсы алады. Қария адам үйіне келген кісіден, ең алдымен, аман-саулық сұрасып болғаннан кейін, дастарқан басында қай елдің баласы екенін, әке-шешелері кім екенін сұрап, нендей шаруамен жүргенін әбден біліп алған соң, шаруаларына кіріседі.

Бірін-бірі ұзақ уақыт көрмей, жүздескен адамдар төс қағыстырып, қол алысып, арқаларын қолдарымен қағысып амандасады. Ауылдың үлкен адамы болса да, алыстан жас адам келгенде оған барып амандасатын болған. 

Алыс сапарға аттанғалы отырған ағайындарға «жол болсын» айту дәстүрі де бар. «Жақсы тілек – жарым ырыс» деп сенетін қазақ халқы қандай жағдай болса да, жақсы тілек айтып, бата беріп отырған.

Қазақ халқы сәби дүниеге келгеннен бастап, оған қатысты көптеген рәсімдер жасап отырады. Ол – думаншыл халық. Ең алдымен, «шілдехана» жасалады. Бұл сәбидің дүниеге келу құрметіне орай тойланады. Сәби дүниеге келгенде немесе басқа да қуанышты хабар болса, туған-туыстар мен жақын таныстардан «сүйінші» сұрайды. Сүйінші сұраған адамға, міндетті түрде, бір сыйлық берілуі тиіс.

Дүниеге келген баланы «бесікке салу» деген рәсім бар. Онда баланы бесікке бөлейді. Бесікте жатқан бала тыныш, таза, жылы болып, ауырмай өседі. Бала туылған соң қырық күн бойы суға шомылдырып, қырық күннен кейін «қырқынан шығару» рәсімін жасайды. Бұл күні баланың тырнағын, шашын алып той жасайды. Бала ақырындап қадам баса бастағанда «тұсау кесу» рәсімін жасайды. Сәбидің аяғын ала жіппен байлып, тұсауын ауылдың жасы үлкен, сыйлы адамына кестіреді. Қазақ халқы баланың тұсауын кесу арқылы жолын ашамыз деп түсінген. Сонымен қатар, бала төрт-бес жасқа келгенде «атқа мінгізу» жасайды. Бұл ұл баланы алғаш атқа мінгізу дәстүрі. Туған-туыс, көршілер, достар жиналып кішкентай думан өткізеді. Қазірге кезде мектепке баратын балаға «тілашар» той жасайды.

Қазақ халқы балаға арнап қандай той жасаса да, болашақта оның жақсы азамат болып өсуі үшін ырымдап жасатын болған. Тойлардың бәрінде жақсы тілектер айтып, баталарын беріп отырады. Халық бата, тілек қаншалықты көп болса, баланың өміріне соншалық жақсылық келеді деп сенген. Барлық дәстүрді әнмен, жырмен көңілді етіп, ұлттық ойындар ойнап өткізетін болған.

 

5.  Сұрақтарға жауап беріңіз.

1.  Қазақ халқының қандай амандасу рәсімі бар?

2.  Сапарға шығайын деп отырған адамға не дейді екен?

3.  Қазақ халқы қонақты қалай қарсы алады екен?

4.  Балаға байланысты қандай рәсімдер жасалады екен? Олардың мәнін түсіндіріңіз.