1. Тіл ширату.
1) Сөйлемдерді оқып, сұрақ қою арқылы іс-әрекеттің амалын табыңыз.
Үлгі: Қаланың у-шуына қалай үйрендік?
Қаланың у-шуына бірте-бірте үйрендік
- Қаланың у-шуына бірте-бірте үйрендік.
- Көшеде бір қарт аяғын әзер басып келе жатыр.
- Соңында қалмау үшін, жылдамырақ жүруге тырысып келемін.
- Анасы баласына азық-түлікті көбірек салып беріп жатыр.
- Көлдің беті айнадай жалтылдап жатыр.
- Үйге көптен күткен қонақтар келіп, абыр-сабыр болып жатыр.
- Бала өзін нағыз әртістерше көрсете білді.
- Көрген білгенін асықпай айтып берді.
- Биыл студенттер өткен жылғыдан екі есе көп келді.
- Бала етпетінен құлап қалды.
- Бұл әнді айта-айта жалықтым.
- Ол мені бұрыннан білетін адамша, жақын келіп, күлімдеп амандасты.
- Әуежайда екеуі бір-бірін қимай, қайта-қайта қоштасты.
- Қалыңдық ақ көйлегі желбіреп, күйеу жігіттің жанына келді.
- Біреу сурет салып қойғандай, таудың табиғаты тамаша!
ІІ. Іс-әрекеттің амалын білдіретін грамматикалық формалар:
1)
Мысалы:
Бүгінгі жұмыс жартылай бітті. Бұл есік керісінше ашылады. Барлық мәселе қысқаша баяндалды. Қуанғанынан күндей жарқылдап тұр. Мұз тастай қатып қалыпты. Ол бұрынғының батырларындай күресіп жүр. Жаңалықты естігенде, балаша қуанып кеттім. Ол аюша бақырып жүр. Бастықша сөйлеп отыр. Суда балықша жүзе алады. Дәлелсіз айтпау керек. Рұқсатсыз кірмеңіз. Қатесіз жазыңыздар. Ол аюдай бақырды
2)
Мысалы:
Әңгімені өз көзімен көргендей айтатын. Өзі сатып алғандай көңілінен шығып отыр. Кішкентай Бану тамақты өз қолымен жасағандай, әкесіне келіп мақтанды. Ол қатты шаршап жүрсе де, шаршамағандай жүгіріп жүр. Үйге әлденеге жылап келді. Қонақтарды жақсылап күттік. Үлкен үстелге жағалай отырды. Көре-көре көсем боларсың, сөйлей-сөйлей шешен боларсың. Өсе-өсе ұзын ағаш болды. Балалар жүгіре-жүгіре шаршап қалыпты.
3)
Мысалы:
Мен екі рет ескерттім. Табыс он есе өсті. Кітапты бір-бірден беріп жатыр. Студенттерді топқа жеті-жетіден бөледі. Бұл ауыр зат, екеулеп көтеріңдер.
4)
Олар тізерлеп отыр. Кішкентай бала етпетінен жатыр. Ол шалқасынан, жалаңбас, жалаңаяқ жатыр.
2. Тұрақты тіркестерді оқыңыз. Мағынасын түсіндіріңіз.
Көз айырмау – көз алмай қарау; көзі түсу – көру, ұнату; жүрек соғу; қуанышы қойнына сыймау – қатты қуану; бой сергіту – өзін жақсы сезіну.
Жылан, шаян шағып ала ма деп, көзін жолдан айырмайды. Келіп жатқан автобустардан көз айырмай қарап тұрдым, бірақ ол келмеді. Олар бір-бірін көргенде, көз айыра алмады.
Бір кезде оның көзі жол шетінде бұғып жатқан кіп-кішкене көжекке түсті. Сөреде тізіліп тұрған сөмкелердің ішінде осы сөмкеге көзім түсті, ұнаттым, алдым. Қараңғыда жерде жылтырап жатқан нәрсеге көзім түсті.
Жүрегінің жиі-жиі соққан білініп тұр. Қорыққанынан жүрегі дүрсілдеп соғып кетті. Қуанғанынан жүрегінің дүрсілдеп соққанын да сезіп тұрды. Қан қысымы төмендегендіктен, жүрек соғысы әлсіз.
Көжекті үй жағалай, балаларға көрсетіп, қуанышы қойнына сыймай жүр. Баласының хабарын естігенде, қуанышы қойнына сыймай қуанды. Қуанышың қойныңа сыймай тұр ғой, қандай жақсы хабар бар?
Бойы сергісін деп, Сәрсен оны бір мезгіл ауыл сыртындағы жоңышқаға апарып жаяды. Күні бойы отырып жұмыс істегендіктен, бойым сергісін деп таза ауаға шықтым. Демалыс күндері тау жаққа барып демалайық, бойымыз сергіп қалар.
3. Төмендегі сөздердің синонимін табыңыз.
жұдырықтай – жұп-жұмсақ – ерсілі-қарсылы – күн бату – |
бағу – балауса – шоқаңдау - |
4. «Сұр көжек» мәтіні туралы келесі сұрақтарға жауап беріңіз.
1) Сұр көжек туралы не айтасыз?
2) Сәрсен мен сұр көжектің достығы қалай бейленген?
3) «Достық» қалай бейнеленген?
ОҚЫҢЫЗ, ҚЫЗЫҚ! ҚАЗАҚ ЕЛІ ҚАНДАЙ ЕЛ?
Өрттен құтқарушы иттер
(Лев Толстой)
Қалаларда өрт кезінде үйлерде жас балалардың қалып қалатыны жиі кездеседі, өйткені олар қорыққанынан тығылып қалады да, үнсіз жатады. Ал түтін оларды анықтап көруге мүмкіншілік бермейді. Сондықтан осындай жағдайларда пайдалану үшін Лондонда иттерді үйрете бастаған. Ондай иттер өрт сөндірушілермен үнемі бірге болады. Үйден өрт шыға қалғанда, өрт сөндірушілер итті балаларды алып шығуға жұмсайды.
Осындай бір ит Лондонда он екі баланы өлімнен аман сақтап қалған екен. Оның аты Боб болатын.
Бірде үй өртенеді. Өрт сөндірушілер әлгі үйге жеткенде, алдарынан бір әйел жүгіріп шығыпты. Ол жылап тұрып, үйде екі жасар қызының қалып қалғанын айтады. Өрт сөндірушілер баланы алып шығуға Бобты жұмсайды. Боб баспалдақтар арқылы жүгіріп барып, түтіннің арасына көрінбей кетеді. Бес минуттан соң көйлегінен тістеп, қызды көтеріп, үйден жүгіріп шығыпты. Анасы қызының тірі екенін көргенде, қуанғанынан көз жасын төгіп, құшақтап тұрып жылапты. Өрт сөндірушілер итті сылап-сипап, жарақаттанған жері жоқ па екен деп қарай бастайды, бірақ Боб қайтадан үйге қарай ұмтыла береді. Өрт сөндірушілер үйде тағы бір тірі жан болуы мүмкін деп ойлайды да, оны жібереді. Ит үйге жүгіріп кіріп кетеді де, аздан соң тісіне тістеп алған бір нәрсені көтеріп қайта шығыпты. Жұрт оның алып шыққан затын анықтап көрген соң, бәрі де күліпті: оның алып шыққаны үлкен қуыршақ екен.
Тапсырмалар:
1) Жаңа сөздерді теріп жазыңыз.
2) Мәтіндегі жаңа сөздерге антоним, синоним сөздерді жазып, сөйлем құрастырыңыз
3) Мәтін не жайында. Мазмұндап беріңіз.
4) Осыған ұқсас оқиғалар білесіз бе?