1. Тіл ширату.
1) Мағынасы сәйкес сөйлемдерді табыңыз.
Егер ертең ауа райы жақсы болса, |
маған көмектесші. |
Егер бүгін билет алсақ, |
тауға шығамыз. |
Егер сен бос болсаң, |
пойызға үлгереміз. |
Егер ерте тұрсам, |
ертең концертке барамыз. |
2) Сөйлемдерді толықтырыңыз.
Егер қазақша үйренсем, .................. .
Егер ертең қолым бос болса, ........................................... .
Егер күн суық болмаса, .................................................... .
Егер мүмкін болса, ........................................................... .
Егер кешіксем, .................................................................. .
........, онда шетелге саяхат жасаймын.
........, онда тамақ дайындамаймын.
........, онда Орталық мұражайға бірге барайық.
........., онда телефон соқпаймын
2. Оқыңыз, мазмұнын түсіндіріңіз.
Мен нені ұнатамын?
Әлібек айтады: Мен көп нәрсені ұнатамын. Мысалы, мен Есіл бойында жаяу жүруді, атпен шабуды, голф, теннис ойнауды, таза ауада далада жүруді ұнатамын. Мен достарыммен бірге әңгімелесуді ұнатамын. Мен бала-шағаммен қыдыруды, бірге демалуды ұнатамын. Мен ұнататын нәрселердің бәрін айту мүмкін емес.
Мен нені асыға күтемін?
Мен күнде бастығыма баруды асыға күтемін, себебі ол кісі аса мәдениетті, дана/ақылды/іскер адам. Бақытыма орай, мен осындай ерекше адаммен жұмыс істеймін. Мен ол кісімен шетелдерге іссапарға баруды асыға күтемін. Мен балаларымның туған күнін асыға күтемін. Мен оларға ылғи жақсы сыйлықтар сыйлаймын. Отбасыммен бірге уақыт өткізу мен үшін үлкен бақыт, сондықтан отбасыммен бірге болуды асыға күтемін.
Мен нені қалаймын?
- Сіз нені қалайсыз?
- Мен жеміс-жидекті қалаймын.
- Сіз кофені қалайсыз ба?
- Мен шәйға қарағанда кофені қалаймын?
- Ал мен шәй, кофелерге қарағанда қазақтың ұлттық сусындары: айран, сүт, қымыз, шұбатты қалаймын.
Мені не қызықтырады?
Мен неге қызығамын?
Мені көп нәрсе қызықтырады. Оның бәрін айтсам, уақыт жетпейді. Мысалы, қазақ тілінде таза сөйлеген қызықтырады.
Мен көп нәрсеге қызығамын. Мысалы машина айдауға қызығамын, өкінішке орай, мүмкіндігім жоқ. Менің бос уақытым көп емес, сондықтан демалыс үйлеріне, Көкшетауға баруға қызықпаймын. Мен кейде кейбір достарыма қызығамын, себебі олар уақыт тауып, көп желерді аралап демалып келеді.
Мен өз жұмысыма қызығамын, өйткені бұл жұмыс өте жауапты. Сондықтан жұмысымды қызығып істеймін. Шетел азаматтарымен кездесіп сөйлескенде ағылшын, қытай, араб тілдерінде сөйлеуге тура келеді.
Шетелдерден Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшілері бізге жиі келіп тұрады. Олар біздің елге қызығады, себебі халқымыз қонақжай, ел іші тыныштық және жеріміз қазба байлықтарға бай. Біздің елдің болашағы мұнай, газ және түрлі түсті металдар өнімдерінде. Біздің жастар мәдениетті және білімді. Осының бәрі оларды қызықтырады.
3. Айтыңыз.
1) Сіз нені ұнатасыз?
2) Сіз нені асыға күтесіз?
3) Сізді не қызықтырады?
4) Сіз нені қалайсыз?
4. Біреуін таңдаңыз және айтыңыз.
1) Мені қызықтыратын нәрсе және іс.
2) Мен ұнататын нәрсе/іс.
3) Мен қалайтын нәрсе/іс.
4) Мен асыға күтетін нәрсе/іс.
5. Оқыңыз. Мазмұнын айтыңыз.
- Дауысың қаз даусындай қаңқылдап тұр екен, ал датыңды айтшы! – депті Моңғол ханы. Сонда Қазыбек:
- Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі, тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз деген екен. Сонда Моңғол ханы Қонтажының есі шығып кеткен екен.
Тапсырмалар:
І. Сұрақтарға жауап беріңіз.
1) Сіз қалай ойлайсыз бұл мәтін не туралы?
2) Қазыбек би не туралы айтты?
3) Моңғол ханы Қонтажы Қазыбек бидің айтқанын қалай қабылдады?
4) Осы қысқа мәтін жайында сіздің пікіріңіз қандай?
ІІ. Мәтіндегі жаңа сөздерді атаңыз.
ІІІ. Жаңа сөздерге сөз тіркесі мен сөйлем құраңыз.
6. Оқыңыз, қызық.
БУРАБАЙ
Бурабай Қазақстанның солтүстігінде ең әдемі демалатын жер. Ол Астанаға жақын және онда демалыс орындары көп.
Қазақта Бурабай туралы аңыз көп. Бурабай деген аты «бура», яғни түйе деген мағынаны білдіреді. Аңыз бойынша, ертеде сол жерде бір үлкен бура өмір сүрген. Егер қазақ жеріне жау келсе, сол бура биік тауға шығып қатты бақырады екен. Халық түйенің даусын естігенде соғысқа дайындала бастайды.
Қазір Бурабай – ұлттық табиғи парк. Оның ауданы 83, 510 гектар. Онда тау да, көл де, орман да бар. Өте әдемі 14 көл және көптеген шипажайлар, демалыс үйлері бар. Мұнда 800-дей өсімдік түрі өседі. 305-тей жан-жануар, құстар өмір сүреді.
Бурабайда атақты жерлер көп. Мысалы, Жұмбақтас деген тас бар. Ол әдемі көлдің ортасында орналасқан. Жұмбақтасқа, бір жағынан қыздың, екінші жағынан әйелдің, үшінші жағынан кемпірдің мүсінін көре аласың. Сондықтан Жұмбақтас деп аталған екен.
Бурабайда осындай қызық жерлер өте көп. Барлық аңызды айтып бітіру мүмкін емес. Сондықтан атақты, әдемі жерлерді әр адам өзі барып көруі тиіс.
Тапсырмалар:
1. Сіз Қазақстандағы әдемі демалатын жерлер туралы не білесіз?
2. Бурабайда болдыңыз ба?
3. Мәтіннің мазмұны туралы не айтасыз?
4. Жұмбақтас туралы не білдіңіз?
5. Бурабай аталуының себебі неде?
Ғибратты әңгімелер: "БІР ТИЫНДЫҚТАР"
Қай күні екені есте жоқ. Әйтеуір кезекті мереке-мейрамдардың бірінде өңшең Бір Тиындықтар бас қосып, ішіндегі көбірек жасап, көбірек көрген Көне тиын ата-баба тарихын қысқаша шолып өтті. Әңгіменің аяғы, әрине, той-тамашаға айналды.
- Бүкіл ақша атаулының бастауы – біздер, Бір Тиындықтар боламыз! – деді қызып алған баяндамашы. – Біз тұтаспыз. Бізді ұсақтау мүмкін емес! Ал біздер, өздеріміз, елу сомдық па – бәрі бір! – кез келген үлкен ақшаны майдалап бере аламыз! Керек болса, ұсақтаған үстіне ұсақтап, тоз-тоз ғып жібереміз! Егер бір тиыны жетпесе, ол енді Мың сом емес, - ТОҒЫЗ ЖҮЗ ТОҚСАН ТОҒЫЗ СОМ ТОҚСАН ТОҒЫЗ ТИЫН ғана! Ойна Бір Тиынмен! – Осыны айтты да баяндамашы көкірек атып, столдың астына сылдыр етіп құлап түсті. Оны барып көтерген ешкім жоқ. Өйткені ол Бір Тиын болса, басқалары да Бір Тиын! Олар да тілдері күрмеліп, құлап түскелі әрең отырғандар.
Осының бәріне кездейсоқ куә болған Он Тиындық столдың үстінен сырғып түсіп, ұялғаннан еденнің қуысына кіріп кетті...
(Қадыр Мырза Әли, «Ғибратнәмә» кітабынан)